Экскурсия туралы
Сізді не күтеді
Экспозицияға тәуелсіз Қазақстанның елордасы – Астана қаласының өмірі, сәулеті мен рухын кең ауқымда бейнелейтін 100 бірегей фотосурет енген. Бұл – қаланың даму жолын жан-тәнімен құжаттаған адамның объективі арқылы ұсынылған тарихи шежіре. Көрменің тұжырымдамасы дәуірлер арасындағы көрнекі үнқатысуға негізделген: Целиноград–Ақмоланың архивтік фотосуреттері қазіргі елорданың қарқынды тынысы мен ырғағымен үндеседі.
Экспозиция төрт тақырыптық бөлімнен тұрады:
Бірінші бөлім Н. Имамовтың тұлғасына – зерттеушіге, журналистке және тарихи жадының сақтаушысына арналған. Бұл бөлім оның мамандығына адалдығын, елге қызметін және туған қаласына деген шынайы сүйіспеншілігін ашады.
Екінші бөлім – «Ескі көшелер сағынышы». Бұл – келушілерді көне Целиноград–Ақмоланың көшелерімен, алаңдарымен және тарихи кварталдарымен серуендеуге шақыратын өзіндік «уақыт машинасы». Мұнда қаланың ерекше атмосферасын сезініп, бүгінгі елорданың бастауын көруге болады.
Үшінші бөлім – «Тартылыс қаласы» (Тұлғалар мен тағдырлар). Мұнда қаланың көрнекті тұрғындарының (құрылысшылардың, тың игерушілердің, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің), сондай-ақ елорданың құрметті қонақтарының портреттер галереясы ұсынылған. Бұл бөлім «магнит-қаланың» адами әлеуетін танытады.
Төртінші бөлім – «Болашақ қаласы». Мұнда балалар мен жастардың жарқын әрі әсерлі бейнелері арқылы Қазақстан Республикасының болашаққа ұмтылысы көрініс тапқан. Бұл көрменің жаңа буынның шынайылығы мен зор әлеуетіне арналған символдық қорытындысы болып табылады.
Нұрмұхамат Имамов (1926–2012) – Ұлы Отан соғысының қатысушысы, майданда сүңгуір бомбалаушы ұшақта атқыш-радист қызметін атқарған.
Соғыстан кейін театр суретшісі және радиомеханик болып еңбек етті. Кейін есейген шағында фотосурет өнеріне саналы түрде келіп, өңір тарихының маңызды кезеңдерін фотожылнама ретінде сақтауды өмірлік мақсатына айналдырды. Ол 40 жылдан астам уақыт бойы «Акмолинская правда» газетінде және басқа да басылымдарда фототілші болып жұмыс істеп, қаланың қалыптасуының негізгі кезеңдерін фотоқұжат ретінде сақтап қалды. Қазіргі таңда оның мыңдаған фотосуреттерден тұратын архивін цифрландыру жұмыстарын ұлы Ринат Имамов жалғастыруда. Архив материалдарының бір бөлігі www.imamov.kz сайтында қолжетімді.
Көрмеге ұсынылған шебердің 100 фотосуреті – жай ғана деректі шежіре емес, уақыттың тынысы мен дәуірдің мәдени коды. Бұл – тарихшылар, өлкетанушылар және елордамыздың өткені мен бүгініне құрметпен қарайтын әрбір жан үшін баға жетпес мұра.
Мекенжайы: Әлихан Бөкейхан көшесі, 1А (Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы), 2-қабат. Көрме дүйсенбіден басқа күндері күн сайын сағат 10:00-ден 17:30-ға дейін келушілер үшін ашық.
Ағылшын, қазақ және орыс тілдеріндегі экскурсияларға 10 адамнан тұратын топтар үшін алдын ала тапсырыс беруге болады.
Фотокөрме 24 тамызға дейін жалғасады.
Байланыс телефондары:
+7 7172 753 581
+7 7172 753 580
Экскурсия туралы