- «Музей – құндылықтар мекені» атты іс-шаралар кешені

«Музей – құндылықтар мекені» атты іс-шаралар кешені
2024 жылғы 18 мамырда сағат 18:00-00:00 аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні» акциясы шеңберінде «Музей – құндылықтар мекені» атты іс-шаралар кешені өтеді.
Іс-шараның мақсаты – рухани-мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әр түрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау.
«Музей – құндылықтар мекені» шарасы «Музей күнінен» бастау алады. Таңертең сағат 10-нан бастап «Балдырған гид» шолу экскурсиялары, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми жобалар аясында жарық көрген кітаптардың тұсаукесері, картина мен мүсін туындыларына көшірме жасаудан шеберлік сыныбы мен Ұлттық музейдің жобалары аясындағы музейлік сабақтар өтеді.
Сағат 16:00-де ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Рафаэль Слекеновтің «Тәңір нұры» атты жеке көрмесі ашылады.
18:00-ден бастап шара барысында Музей қонақтарына Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының концерті, қолөнершілер жәрмеңкесі, «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» мен «Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі» көрмелері, Ұлттық музейдің Консервация және қалпына келтіру қызметінің шеберлік сабақтары, «Музей қорындағы атақты тұлғалар домбырасының үнін жаңғырту» атты лекция-концерт ұсынылады. Сонымен қатар, көрермен үшін театрландырылған экскурсия мен «Жұлдызды гид. 10 жұлдыз. 10 жауһар» шоу-жобасы ұйымдастырылады.
«Музей түні» акциясы ҚР Ұлттық музейінде дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. 2015 жылы өткен алғашқы шараға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет өткізіліп, 39 мыңнан аса адам келді. Оның алғашқысы Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылса, екіншісі Халықаралық музейлер күніне арналды. 2018 жылы 37 мыңнан аса адам, ал 2019 жылы 42 мыңнан аса адам келді. Кейінгі жылдары елімізде орын алған карантин жағдайына байланысты аталған шара музейдің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы онлайн форматта жүзеге асты. Ал өткен жылы шараға келушілер саны 48 мыңға жуық болды.
Назар аударыңыз!
Дүйсенбі демалыс күні, айдың соңғы сейсенбісі санитарлық күн.
Бұл күндері музей жабық