- Қазақстан Республикасы Ұлттық Мұражайы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Мұражайы
Еліміздің Ұлттық мұражайы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей тапсырмасымен ашылды. Қазірдің өзінде қорда 175 мыңнан астам экспонат бар.
1998 жылғы 17 наурызда Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда Елбасының жиналған зиялы қауым: өнер, әдебиет, дін қайраткерлерінің алдында сөйлеген сөзінде алғаш рет Ұлттық музей ашудың керек екенін айтып, болашақ музейдің негізгі құрылымдарын айқындап берген еді. Ал, «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің 2008 жылғы 13 маусымдағы кеңейтілген мәжілісінде Елбасының берген тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің елорда да халықаралық деңгейдегі мұражай құруды қолға алуы жақсы бастаманың қисынды жалғасына айналды.
Мұражай құрылысы «ҚазМұнайГаз» АҚ бөлген қаражат есебінен жүргізілді. Бас мердігер – «Базис Проект LTD», ал дизайн-жобаны Оңтүстік Кореядағы «Desiqn be Art» компаниясы отандық дизайнерлермен бірлесіп жасап, құрылыс жұмыстарын түркиялық «Turkuaz Construction» ЖШС компаниясы сәтімен жүзеге асырды.
2014 жылы шілдеде Ұлттық музей өз есігін Елбасының қатысуымен келушілерге айқара ашып, ол егемен мемлекетіміздің рәмізі – «Қазақ елі» монументін, Бейбітшілік пен келісім сарайын, Ұлттық өнер университетін, «Әзірет сұлтан» мешітін біріктіріп тұрған Тәуелсіздік алаңының бітімімен жарасымды үйлесім тапты. Ғажайып ғимараттың екіншіден сегізінші қабатқа дейін сатылап биіктейтін 7 блоктан тұратын жалпы аумағы 74 мың шаршы метрді құрайды. Мәселен, экспозициялық алаң 14 мың шаршы метрден астам, мұражайлар ауқымы 5 мың шаршы метрдей жерді алып жатыр.
Келушілерді ел шежіресімен ежелгі және орта ғасырлар уақыты, тарих, алтын, этнография, тәуелсіз Қазақстан, Нұр-Сұлтан, заманауи өнер залдары таныстырады. Экспозициялық залдардан бөлек «Ұлттық мирас» ғылыми-зерттеу институты, жаңғырту шеберханалары, зертханалар, мұражайлар, уақытша көрмелер өткізетін орындар, оқырман залдары бар кітапханалар, ілеспе аударма құралдарымен жабдықталған мәслихат залы қызмет көрсетеді.
Ежелгі және орта ғасырлар тарихы залының экспозициялары тас дәуіріндегі еңбек құралдары мен тұрмыстық бұйымдар, қола және темір ғасырларының археологиялық жәдігерлері, сонымен қатар, Қазақстанның ортағасырлық тарихының артефактері (керамика, нумизматика, еңбек құралдары) арқылы еліміздің ежелгі және ортағасырлық шежіресін алдымызға жайып салады. Тарих залының экспозициялары XV-XX ғасырлардағы Қазақстан тарихынан суыртпақтап сыр тартып, Қазақ хандығының құрылуы мен дамуының негізгі кезеңдерін, сол сияқты халқымыздың ұлт-азаттық көтерілістерінің тарихын паш етеді.
Қазақстандағы ежелгі көшпелілердің археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ғажап бұйымдар алтын залы экспозицияларында көздің жауын алады. Есік қорғанынан табылған Алтын адам, Атыраудағы сармат жауынгері, сондай-ақ, Шілікті мен Берел қорғанынан, Талды қорымынан табылған баға жеткісіз заттар дала өрке-ниетін еріксіз мойындатады. Этнография залының экспозициялары қазақ халқының әртүрлі зергерлік бұйымдарымен, ұлттық киімдерімен, киіз үйімен, тұрмыстық заттарымен ұлттық мұраға ерекше әр береді. Сондай-ақ, өзімізде Ресей және басқа елдердегідей айырбас қорын құру – шетелдегі сирек жәдігерлерді әкелуге жол ашады.
Көрермендерді қызықтыратын тақырыптардың бірі – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму тарихы. Осы орайда, ширек ғасырға жуықтаған тәуелсіздік кезеңінің күрес пен ізденіске толы шежіресі тәуелсіздік тарихы мен Нұр-Cұлтан залдарында сайрап жатыр. Тәуелсіз Қазақстан залында ежелгі түркілердің атамекенін еркін жайлап, дамудың өзіндік жолын тапқан егемен еліміздің тарих, саясат, экономика, мәдениет және өнер салалары бойынша деректері кеңінен әрі жан-жақты берілген.
Елорданың даму тарихын ашып көрсететін Нұр-Cұлтан залының экспозицияларының алар орны ерекше. Олар ең жаңа тарих, сурет, жос-пар, сызба, макет, мұрағат құжаттары және бұйымдар тілімен сөйлейді. Астана залында өзіне назар үйіретін нәрсе – елорданың серпінді бірегей макеті мен медиа-еден, бұл екеуі жойқын дөңес экранмен тұтаса келіп қызықты шоу құрайды. Ілкімді де сенімді жол көрсетуші – үш тілді мультимедиялық гид келушіні музейдің бүкіл залын бастан-аяқ аралатып шығады.
Ақпарат «Әдебиет» ҚБ «Астана» кітап-альбомынан алынды