- «Мәңгілік ел» Салтанат қақпасы
«Мәңгілік ел» Салтанат қақпасы
Салтанат қақпасының биіктігі – 20 метр. Бұл – Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығының айғағы. Арканың ішкі тұсында өрілген баспалдақпен Шолу алаңына шығуға болады. Арканың өн бойы қазақтың ою-өрнегімен бедерленген. Төрт босағасына төрт мүсін орналастырылған. Олардың барлығы Қазақ елінің сан ғасырлық тарихында өлшеусіз үлес қосып, ерен еңбек сіңірген адамдардың жинақталған сипаты. Бірі – даналық пен парасаттылық нышаны – ақ сақалды ата болса, екіншісі – мейірімділік пен бауырмалдықтың белгісі – ақ жаулықты ана бейнесінде. Үшінші және төртінші мүсіндер ұлан-ғайыр жерімізді ата жауларымыздан ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған айбынды батырымызды дәріптейді. Қақпаның маңдайшасына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орнатылған. Ал бір бүйіріне бедерленетін тайқазан егемен еліміздің ешқашан сарқылмас ырысын бейнелейді. Тайқазанның үстіне ілінген қалқан – қарсы келгенді қасқайып қарсы алатын қаһармандықтың белгісі. Ішкі қабырғасындағы ойықта әр дәуірдегі қазақ елінің даму белестері бедерленіп жазылған. Тәуелсіздіктің заңдық тұғыры – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Декларациясы, Ақорда мен Бәйтеректің бейнелері басылған.
Ақпарат «Әдебиет» ҚБ «Астана» кітап-альбомынан алынды