Бейбітшілік және келісім сарайы

Бейбітшілік және келісім сарайы

Бағасы: ~1000 тг.
Мекенжай: Тәуелсіздік даңғылы, 57

2003 жылы Елбасы Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшыларының Бірінші съезінде көтерген баста­масының жарқын көрінісі ретінде Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Сыртқы пішініне қарап жергілікті халық «Пирамида» деп атап кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы - ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықтың, халықтар достығының өзіндік нышаны тәрізді. 2006 жылы қыркүйек айында шаңырақ көтерген бұл сарай шындығында да Египеттің даңқты пирамидаларына ұқсайды.

Сарайдың сәулет жобасына халықаралық байқау жарияланды. Байқауға мейлінше қатаң талап қойылды, соған сәйкес ұсынылған жобалардың талайы талғамнан шықпай қалды. Төрт турдан соң ғана жеңімпаз анықталды. Есімдері әлемге танылған көптеген сәулет ше­берлерінің арасынан ағылшын Норман Фостер үздік шықты.

Британия сәулетшісі ұсынған идея әрі тосын, әрі таныс еді, ол пира­мида үлгісін таңдаған. Бұл идеяны қостағандар «мәңгілік» ұғымына мән берді. Египет пирамидаларының мәңгілік нышанына айналғанын әлем мойындайды. Ендеше осы құдіретті тоғыстыру ұтқырлық та, көрегендік те.

Фостердің пирамидасы осындай терең астарлы бола отырып, қазіргі заманғы кескінін табуға тиісті. Сәулетші мұны жете ескерген.

Пирамиданың керегесі берік, салмақ түскенде майыспайтын, жуан металл трубаларынан керілген. Олар биіктей келе тот баспайтын бұрандалармен бекітілген де, алдын ала ойластырылған жоба бой­ынша кескінді өрнектер құраған.

Зәулімнің ұшар шыңы шынымен көмкерілген, сол жерден төгілетін күн сәулесі пирамиданың барлық кеңістігін нұрландырады. Жарық төменгі техника­лық қабатқа да түседі.

Сарайдың ішкі жоспарлау мәнері де өзгеше. Ғи­марат төменнен жоғарыға қарай бес қабатқа бөлін­ген. Бірінші қабатқа көп қырлы, 1 500 орынды зал орныққан. Мұнда алуан түрлі басқосулар: халықа­ралық деңгейдегі съездер мен конференциялар шақыруға, ойын-сауық, сахналық думандар, опе­ра-балет қойылымдарын ұйымдастыруға болады. Залдың акустикасы айрықша, осында отырып көне грек амфитеатрларында тұрғандай сезінесің.

Бесінші қабатта, пирамиданың биігінде әлемнің төрт құбыласын білдіретін төрт көтерген ақшаңқан дөңгелек күмбезшенің астында 200 орынды көркем зал көз тартады. Әлемдік және дәстүрлі діндер же­текшілерінің кейінгі форумдары осы жерде Республика Президентінің қатысуымен өтті.

Нұр-Cұлтан тағы да адамзатқа ағынан жарылды, дүниені бейбітшілік пен келісімге шақырды.

Ақпарат «Әдебиет» ҚБ «Астана» кітап-альбомынан алынды

Бару ұсынылады